Сербияның Копаоник қаласында географиядан халықаралық жасөспірімдер олимпиадасы өтті. Білім додасына Қазақстаннан 9 оқушы қатысып, олардың 7-еуі жүлдегер атанды. Жас географтар 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.

Олардың қатарында Шымкент қаласындағы №1 дарынды балаларға арналған IT лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Иманғали Үсентайұлы бар. Жерлесіміз олимпиада барысында терең білімін, зерттеушілік қабілеті мен пәндік дайындығын жоғары деңгейде көрсетіп, қола медальға қол жеткізді.
Олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанған Алматы қаласындағы «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ерік Ерлан алтын медаль иеленді.
Күміс медальді Қарағанды облыстық Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Амантай Сырым, Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Махсот Ерасыл және Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Ерболат Ержан жеңіп алды.
Қола жүлдеге Астана қаласындағы мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Асылбек Дамир мен дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ашигалиева Румия ие болды.
Қазақстан құрамасының халықаралық олимпиададағы бұл нәтижесі оқушылардың пәндік білімін, зерттеушілік қабілетін және олимпиадалық дайындығының жоғары деңгейін көрсетті.
Командаға халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері Алмас Искендиров пен Ерасыл Сапарбеков жетекшілік етті.
Жас географтардың халықаралық білім додасында ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарға ие болуы – Қазақстанның олимпиадалық білім беру саласындағы әлеуетін айқын көрсететін нәтиже. Шымкенттік Иманғалидің бұл жетістігі өз қатарластарына үлгі болып, ғылым мен білімге ұмтылған жас өрендерге жаңа серпін береді.