Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын таныстыруға арналған тағылымды кездесу өтті.

Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қауымдастық өкілдері, студент жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
21 тақырыптық бөлімнен тұратын еңбекте заң мен тәртіп, әділеттілік, білім мен ғылым, ұлттық құндылықтар, жастар саясаты, цифрландыру және қоғамдық жауапкершілік сынды өзекті мәселелер қамтылған. Кітапта Мемлекет басшысының елдің қазіргі даму үдерістері мен болашағына қатысты ой-тұжырымдары жүйеленген.

Кездесу барысында университеттің профессорлары, ардагер оқытушылар Болатбек Тілеубердиев пен Сәуле Назарбекова кітаптың мазмұны мен қоғамдық маңызына тоқталып, өз пікірлерін білдірді.
Сондай-ақ жас ғалым Бесбаев Ақан Сәбитұлы, Студенттік журналистер ұйымының төрағасы Айдана Ертуғанқызы Сәрсенбай және «Айқап» оқырмандар клубының төрағасы Жанель Алдабергенқызы Қайназар білім, ғылым, тәрбие және жастардың қоғамдық белсенділігіне қатысты ойларын ортаға салды.

Университет ректоры Мұхтар Әділбекұлы еңбекте білім мен ғылымға қатысты көтерілген мәселелердің жоғары оқу орнының ғылыми-педагогикалық қауымы үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.
«Бүгінгі заман – білектінің емес, білімдінің, яғни ақыл-ой бәсекесінің заманы», – деген Мемлекет басшысының сөзі білім мен ғылымның елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы стратегиялық маңызын айқындайды, – деді ректор.
Оның айтуынша, қазіргі университеттің міндеті кәсіби маман даярлаумен ғана шектелмейді. Жоғары оқу орындары білімді, сыни ойлайтын, ғылым мен инновацияға ұмтылатын, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын азаматтарды қалыптастыруға басымдық беруі тиіс.
Жиын барысында оқытушылар мен студенттер кітапта көтерілген мәселелердің қоғамдық санаға ықпалы мен жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

Іс-шара соңында кітап оқу мәдениетін дамытуға және университеттің қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген бірқатар студентке алғыс хаттар табысталды.