Шымкентте педагогтердің қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қаржылық сауаттылық негіздері» біліктілікті арттыру курсы басталды. Жоба Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының бірлескен бастамасы аясында жүзеге асырылуда.

Курс барысында қатысушылар жеке қаржыны жоспарлау, қаржылық өнімдерді тиімді пайдалану, инвестициялық шешімдерді бағалау және алаяқтықтан қорғану жолдарын меңгереді. Сондай-ақ цифрлық қаржы құралдары мен қаржылық мінез-құлыққа қатысты практикалық мәселелер қарастырылады.
Шымкентте жоба 2025 жылы басталған. Сол жылы 304 педагог оқудан өтті. 2026 жылы 223 мұғалімді қамту жоспарланған. Оның 101-і ақпан айынан бері біліктілігін арттырды. Алдағы уақытта тағы 122 педагогті оқыту көзделіп отыр.
Бүгін, 14 қыркүйекте, Ұлттық Банктің Шымкент қаласындағы филиалында курстың алғашқы тобы білім алуда. Оған орта білім беру және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен математика пәнінің 25 мұғалімі қатысып отыр.
Сабақты қаржылық сауаттылықты оқытудың заманауи әдістемелерін меңгерген Ұлттық Банктің өңірлік филиалдары қызметкерлері жүргізеді. Оқу қазақ және орыс тілдерінде өтеді және 16 қазанға дейін жалғасады.
Бағдарламада теориялық біліммен қатар практикалық тапсырмаларға да басымдық берілген. Тыңдаушылар бейнесабақтар, анимациялық материалдар мен нақты жағдайларға негізделген кейстер арқылы қаржылық шешім қабылдау дағдыларын жетілдіреді.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, педагогтердің қаржылық сауаттылығын арттырудың мәні зор. Себебі мұғалімдер алған білімін өз қаржысын басқаруда қолданып қана қоймай, оны оқушылардың қаржылық мәдениетін қалыптастыруға да пайдалана алады.
Жоба арқылы педагогтердің қаржылық мәселелерді дұрыс бағалап, жауапты шешім қабылдау дағдыларын күшейту және бұл білімді жас ұрпаққа жеткізу көзделіп отыр.