ОҚУШЫЛАРҒА КИБЕРҚАУІПСІЗДІК МӘДЕНИЕТІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында жоғары сынып оқушыларына ақпараттық қауіпсіздік пен кибергигиена талаптары түсіндірілді.


Профилактикалық кездесудің мақсаты – жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын арттырып, интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғану дағдыларын қалыптастыру.

Кездесу барысында мамандар интернет алаяқтығының кең тараған түрлеріне тоқталды. Атап айтқанда, фишинг, жалған сайттар мен сілтемелер, әлеуметтік желілердегі алаяқтық, аккаунттарды бұзу және жеке деректерді заңсыз пайдалану жағдайлары сөз болды.

Оқушыларға банк картасының деректері мен SMS-кодтарды бөгде адамға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз файлдарды жүктемеу және әлеуметтік желілердегі құпиялылық баптауларын дұрыс пайдалану қажеттігі ескертілді. Сонымен бірге күрделі құпиясөз қолданып, екі факторлы аутентификацияны қосу ұсынылды.

Жиынға Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бекбаев Бахытжан Турсунбаевич және Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Қырғызбаев Ернұр Серперұлы қатысты.

Мамандар оқушыларға интернетті қауіпсіз пайдалану жолдарын түсіндіріп, киберқылмыстың құрбаны болмаудың қарапайым, бірақ маңызды ережелеріне назар аударды.

Кездесу соңында оқушылар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *