Шымкентте «Кибермәдениет айы» аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Кезекті кездесу №64 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылып, оған 9, 10 және 11-сынып оқушылары қатысты.

Жоғары сынып оқушыларына интернеттегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Мамандар күмәнді сілтемелер мен хабарламаларды ажырату, құпиясөздерді бөгде адамдарға бермеу және жеке мәліметтерді қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесуде интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері де сөз болды. Атап айтқанда, дроперлік, инвестициялық алаяқтық және WhatsApp аккаунттарын бұзу жағдайлары түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдер де киберқылмыскерлердің арбауына түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан балаларға кез келген күмәнді ұсынысқа сақтықпен қарап, бейтаныс адамдардың хабарламаларына сенбеу ескертілді.
– Бұл жерде 9, 10, 11-сынып оқушыларына қылмыстың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Негізгі мақсатымыз – балалардың интернет-алаяқтыққа тап болуына жол бермеу. Дроперлік, инвестициялық алаяқтық және WhatsApp аккаунттарын бұзу жағдайлары бойынша ақпарат бердік, – дейді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Бақытжан Бекбаев.
Шара барысында оқушыларға киберқауіптің түрлері мен олардан қорғану жолдары бойынша практикалық кеңестер де берілді. Мамандардың айтуынша, интернетте жеке ақпаратты ашық жарияламау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз адамдарға банк картасының деректерін, құпиясөздерді немесе өзге де жеке мәліметтерді бермеу – киберқауіпсіздіктің негізгі талаптарының бірі.
Кездесуде балалар арасындағы кибербуллинг мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мектепте оқушылардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тәрбие сағаттары мен түрлі профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
– Мектепте кибербуллингтің алдын алуға бағытталған көптеген іс-шара ұйымдастырылады. Соның бірі – тәрбие сағаттары. Онда кибербуллинг туралы кеңінен ақпарат беріліп, осындай жағдайға тап болған кезде қандай әрекет жасау керектігі түсіндіріледі, – дейді мектеп оқушысы Сабылжан Нышанбай.
Киберқауіптің алдын алу жұмыстарының өзектілігін қаладағы статистикадан да байқауға болады. Өткен жылы Шымкентте алаяқтық бойынша 562 қылмыстық іс тіркелген. Оның 157-сі ашылған. Ал жыл басынан бері интернет арқылы жасалған 363 қылмыстық іс есепке алынған.
Мамандардың айтуынша, интернеттегі қауіптен қорғанудың ең тиімді жолы – қауіптің алдын ала белгілерін білу және қарапайым кибергигиена талаптарын күнделікті сақтау. Осыған байланысты мектептерде оқушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.