Жаңа оқу жылын қауіпсіз бастау үшін жастарға не білу керек? Бұл сұрақ Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өткен «Back to Study: Safe & Ready» community event-інде талқыланды. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуге 130-ға жуық адам жиналды. Оның 90-ы – студенттер. Шараны UNICEF Kazakhstan-ның Оңтүстік хабы ұйымдастырды. Бастамаға университет, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және Шымкент қаласы Полиция департаменті қолдау көрсетті.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде жастардың психологиялық саулығына назар аударылды. Университеттің психологиялық орталығының басшысы Гүлнар Айтжанова «Буллинг және кибербуллинг: үнсіз қалма!» тақырыбында баяндама жасап, студенттерге жаңа ортаға бейімделу, оқу жылының басындағы қобалжуды жеңу және эмоционалдық күйзелістің алдын алу жолдарын түсіндірді.
Маман қиын жағдайға тап болған кезде ішкі мәселемен жалғыз қалмай, дер кезінде көмек сұраудың маңыздылығына да тоқталды.
Кездесудің келесі бөлігі цифрлық қауіпсіздікке арналды. Полиция қызметкерлері жастар арасында жиі кездесетін интернеттегі алаяқтық тәсілдер туралы айтып, киберқылмыскерлердің арбауына түспеудің жолдарын түсіндірді.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері, полиция капитандары Бахытжан Бекбаев пен Ердаулет Ералиев фишингтік сілтемелер, жалған аккаунттар, аккаунттарды бұзу, күмәнді кодтар және жеке мәліметтердің қауіпсіздігі туралы ақпарат берді.
Мамандардың айтуынша, интернеттегі қауіптің алдын алудың негізгі жолы – бейтаныс адамдардан келген хабарламаларға сақтықпен қарау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және құпия кодтар мен жеке деректерді ешкімге бермеу.
Шараның соңында жастар сарапшылармен ашық форматта пікір алмасты. «Safe & Ready» диалогы барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Қатысушылардың еркін пікір білдіруіне жағдай жасау үшін анонимді сұрақтар да қабылданды.
Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастардың психологиялық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, интернеттегі қауіптерді дер кезінде танып, қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтады.
Фото Б.Сейітжаппар.