«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Жапонияның Aero Toyota Corporation компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстандағы автомобиль жолдарын диагностикалау және олардың жай-күйін бағалау саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу мүмкіндіктерін зерделеуге бағытталған.

Ынтымақтастық аясында тараптар Mobile Mapping System (MMS) мобильді картографиялау жүйесін қолдану мәселесін қарастырады. Бұл технология автомобиль жолдары туралы кеңістіктік деректерді жинауға, жол инфрақұрылымының жай-күйін цифрлық форматта бағалауға және диагностикалау жұмыстарын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Меморандумға сәйкес, жапондық компания Ұлттық орталыққа консультациялық қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, MMS жүйесін Орталық қызметіне ықтимал енгізу бойынша әдіснама, техникалық талаптар мен қажетті ұсыныстар әзірленеді.
Бірлескен жұмыс барысында тараптар ақпарат алмасып, консультациялар өткізеді. Қажет болған жағдайда жүйенің мүмкіндіктері таныстырылып, оны Қазақстан жағдайында қолдану ерекшеліктері зерделенеді.

Сонымен қатар ынтымақтастық жол инфрақұрылымын мониторингтеу, автомобиль жолдарын диагностикалау және паспорттау бағыттарын да қамтиды. Тараптар жол-құрылыс материалдарының сапасын арттыру, жол салу, жөндеу және күтіп-ұстау кезіндегі озық тәжірибелерді енгізу мәселелеріне де басымдық бермек.
Консультациялық жұмыстардың қорытындысы бойынша Aero Toyota Corporation Ұлттық орталыққа MMS жүйесін қолдану әдіснамасы мен техникалық сипаттамалары қамтылған толық есеп ұсынады. Бұл құжат жүйені Қазақстанда одан әрі енгізу мүмкіндіктерін бағалауға негіз болады.
Ынтымақтастықтың түпкі мақсаты – жол сапасын бағалау жұмыстарын жетілдіру, диагностикалау үдерісін цифрландыру және халықаралық тәжірибені отандық жол саласына енгізу.