Шымкенттік педагогикалық университет халықаралық Coursera марапатына ие болды

Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті халықаралық Coursera Qazaqstan Excellence Awards марапатының «Digital Learning Excellence Award» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Марапаттау рәсімі Астана қаласында өткен Coursera Future Talks сессиясы мен Coursera Qazaqstan Excellence Awards салтанатты жиынында ұйымдастырылды. Халықаралық марапатты Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Қайрат Балабиевке табыстады.

Бұл жетістік – оқу орнының цифрлық білім беру жүйесін дамыту, халықаралық білім беру ресурстарын оқу үдерісіне енгізу бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі. Университет Coursera платформасындағы онлайн курстарды білім беру бағдарламаларына кіріктіріп, оларды оқу пәндерінің мазмұнымен және күтілетін нәтижелерімен сәйкестендірген.

Бүгінде аталған платформадағы курстар студенттер үшін қосымша білім беру ресурсы ретінде пайдаланылып келеді. Бұл білім алушыларға әлемнің жетекші университеттері мен халықаралық компаниялары әзірлеген оқу бағдарламаларын меңгеріп, кәсіби және цифрлық құзыреттерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Университет Coursera платформасындағы көрсеткіштері бойынша Қазақстанның 100 жоғары оқу орны арасында ТОП-6 қатарынан орын алған. Бұл көрсеткіш оқу орнында халықаралық цифрлық білім беру мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстың нәтижесін аңғартады.

Халықаралық марапатты университетке алып келген жобаның жүзеге асуына бірқатар қызметкер атсалысқан. Осыған орай ректор Қайрат Балабиев марапатты Coursera жобасын үйлестіріп, іске асыруға жауапты Академиялық істер департаменті Оқу-әдістемелік қолдау бөлімінің басшысы Гүлмира Есентурееваның қолына табыстады.

Кездесу барысында университет басшысы жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан қызметкерлерге алғыс білдіріп, халықаралық деңгейдегі бұл жетістік бүкіл ұжымның бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

Айта кетейік, Coursera Qazaqstan Excellence Awards марапаты жоғары оқу орындарының цифрлық білім беру бағытындағы жетістіктерін бағалауға мүмкіндік беретін маңызды алаңдардың бірі. Шымкенттік университеттің бұл номинацияда жеңімпаз атануы оның білім беру үдерісіне халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмысын айқындайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *