Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бәсеңдей бастады. Өткен тәулікте 54 вирус жұқтырғандар тіркеліп, өсім 1,2 пайызды құраған. Бұл осы айдың басымен салыстырғанда екі есеге төмендеген. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Бүгінгі күнге Шымкент қаласында COVID-19 вирусын жұқтырған азаматтардың саны 4 708 құраса, оның ішінде 2 938 азамат емделіп шықты. Маусым айының алғашқы бес күнінде 84-100 вирус жұқтырғандар немесе өсімі 2,5-3 пайызды құраған болса, өткен тәулікте 54 вирус жұқтырған адам тіркелді. Осы айдын басымен салыстырғанда екі есе төмендегені байқалады», — деді қала әкімі.
Әкімнің айтуынша, жедел жәрдем шақыру 43 пайызға азайып, стационарларда ем алушылардың саны 56,9 пайызға төмендеген. Сонымен қатар ол қалада бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету жұмыстары күшейтілгенін де атап өтті.
Мәселен, Шымкентте қосымша 197 мобильді бригада құрылып, 16 мыңға жуық науқасқа үйге арналған стационарлық қызмет көрсетілген. Сонымен бірге 45 074 азаматқа мобильді бригада қызметтері арқылы үйлеріне дәрі-дәрмек жеткізілген.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі