ШЫМКЕНТ: КӘСІПКЕРЛЕР БИЗНЕСІН БАСТАУ ҮШІН ПЛАТФОРМА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А.Сәттібаев, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ә.Төлебаев және Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қабыштаевтың қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз мәжілісінде қаламызда енгізілген карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдету және 17 тамыздан бастап іске қосылатын нысандар бойынша сөз қозғалды.

– Мемлекеттік комиссия отырысында еліміздегі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 17 тамыздан бастап шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету бойынша шешім қабылданды. Осыған орай кәсіпкерлік нысандар өз жұмысын қайта бастауы «InfoKazakhstan» бірыңғай порталы арқылы жүзеге асырылады. Олар – сауда ойын-сауық орталықтары, сауда желілері, жабық базарлар, сән салондары, шаштараз, СПА орталықтар, косметологиялық қызмет көрсететін кәсіпкерлік субьектілер, бассейні жоқ фитнес орталықтар, бассейні жоқ моншалар мен сауналар, білім беру орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары және ашық ауадағы аттракциондар. Ашылатын нысандар күшейтілген санитарлық нормаларды сақтай отырып жұмысын бастауы тиіс, – деді қала әкімінің орынбасары.

Брифинг барысында Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры электронды платформа жайында айтты.

– «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік қызметті жаңарту жөніндегі алгоритмдерді іске асыру шеңберінде «InfoKazakhstan» электронды платформасын іске қосты. Аталған платформа – барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, бизнеске карантин режимінен кезең-кезеңмен шығуға көмектесетін цифрлық шешім. Осылайша эпидемиологиялық қатерлерді азайтуға, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жаңарту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған құрал болмақ, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Оның айтуынша, платформаның қарапайым интерфейсі қысқа мерзімде 4 қадам арқылы санитарлық нормаларға сәйкестік актісін алуға мүмкіндік береді:

1-қадам. «InfoKazakhstan» сайтына кіріп, ұйымыңызды электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеп, кәсібіңізге қойылған талаптармен танысыңыз. Бизнестің жекелеген түрлері жұмысын тексерусіз, хабарлама тәртібінде қайта бастай алады.

2-қадам. Нысанды талаптарға сай дайындап, жұмыс істеуге дайындығыңызды электронды өтінім беру арқылы растаңыз.

3-қадам. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жүргізуін күтесіз.

4-қадам. Тексеру жүргізілген соң нәтиже оң болса, онда жеке кабинетте жұмысты қайта бастауға санитарлық нормаларға сәйкестік актісін жүктеп алу қажет. Егер нәтижес теріс болса, онда олқылықтарды реттеп, өтінімді қайта жіберіңіз.

Айта кетейік, бұл сайтта әкімдіктер, санитарлық дәрігерлер, полиция, өңірлік палаталар және тұтынушылар лигасы өкілдерінен құралған тұрақты мониторингтік топ жұмыс істейді. Ресурс қызметін бір мезгілде 150 000 тұтынушы пайдалана алады. Ал сұрақтарды бірыңғай байланыс-орталығына 1432 (қоңырау шалу тегін) қоңырау шалып, қоюға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *