Карантиндік режимге құлақ аспай той жасап жатқандар тыйылар емес. Шымкенттік полиция қызметкерлері Қаратау ауданына қарасты жеке тұрғынүйде аталып өтпек болған жиынның алдын кесті. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары ұялы телефон ұрлығына қатысты қылмыстың бетін ашты. Оқиға автотұрақта орын алған. Бұдан бөлек қала тұрғындарының велосипедтері де қолды болуда. Осы және өзге де ақпараттар келесі топтамада.
Енгізілген карантинге байланысты Шымкент қаласының Полиция департаменті күшейтілген режимдегі қызметін жалғастыруда. Бүгінде тәртіп сақшылары Қаратау ауданына қарасты жекетұрғын үйде заңсыз «қыз ұзату» тойын жасағандарды анықтады. Оқиға орнында тәртіп сақшылары түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, той иелеріне тиісті шара қолданды. Сондай-ақ аталған жайт бойынша Әл-Фараби ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасының қауіпсіздігін бақылау басқармасына іс-құжаттар жолданды.