Шымкенттегі Қонаев пен Рысқұлов көшесінің қиылысында жолайрық салынады. Бұл жөнінде қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қаладағы жол құрылысы жұмыстарына қатысты ұйымдастырылған арнайы баспасөз-туры кезінде айтты. Осылайша шаһардағы кептеліс мәселесін азайтпақ.
Шаһар көшелеріне сараптама жүргізу нәтижесінде, жолаушылардың қолайлылығы үшін Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшелерінің қиылысына заманауи жол айрығын салу қажеттілігі туындап отыр. Күнделікті кептелістерден тұрғындар тарапынан шағымдар мен наразылықтар көбейген. Осыны ескерген жергілікті билік қазан айынан бастап жол айрықтың жұмысын бастамақ. Ал, жоба келесі жылы толық аяқталуы қажет.
Сонымен қатар, биыл қаладағы 259 нысан 416 шақырым жол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 160 көшеде, 203 шақырым жол жөндеу жұмысы аяқталды. Ендігі жерде 99 көше, 213 шақырым жөндеу жұмыстары бар. Қыркүйектің соңына дейін бірнеше жол құрылыс жұмыстары мен жол өткелдерін ретке келтіру, аялдама мен бағдаршам орнату, көшені таңбалау жұмыстары аяқталады.