– Түркістан облысында инвестиция тарту және экспортты дамыту бағытындағы алғашқы фронт-кеңсе ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан Үкіметі барлық аймақтарда инвесторларды сүйемелдеу бойынша фронт-кеңселер қызметін жүзеге асыру ережесін бекіткен болатын. Аталмыш тәсіл инвестордың құжат жинау және дайындау процесіне қатысуын азайту және олардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысын шектеуді көздейді. Қазіргі уақытта өңірде бизнесті дамыту, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, экспорттық әлеуетті арттыру және туризмді дамыту бағыттарына баса назар аударылуда», — делінген облыс әкімдігі таратқан хабарламада. «TURKISTAN INVEST» фронт-кеңсесі инвесторларды тарту және сүйемелдеу, сондай ақ экспортты дамыту жұмыстарын атқарады. «Қазіргі уақыт инвесторлар және экспорттаушылармен жұмыс жүргізудің жаңа тәсілін талап етеді. Инвестиция және экспорт параллельді түрде дамуы тиіс бағыттар. Себебі шетелдік инвесторларды тарта отырып, экспорттаушылар үшін әлемдік нарыққа жаңа жол ашылады. Осылайша, еліміздің экспорт географиясын айтарлықтай кеңейту мүмкіндігі пайда болмақ. Осының негізінде өңірде аймақтық экономиканы дамыту саясатын әзірлейтін Инвестициялар және экспорт басқармасы құрылды. Сондай-ақ осы екі бағытты «бір терезе» режімінде жұмыс істейтін фронт-офиске біріктіру тиімді», – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев. Сонымен қатар, инвестицияларды тарту тетіктерінің тиімділігін арттыратын бірыңғай инвесторлар базасы құрылды. Бүгін Түркістан облысының фронт-офисі өңірдің экономикалық әлеуетіне талдау жасады. Оның негізінде басым инвестициялық бағыттар анықталып, тың жобалар әзірленді. Нәтижесінде, жалпы сомасы 106,9 млрд теңгеге 11 жоба дайындалды. 86 инвестициялық жобадан тұратын тізбе әзірленді. Олардың жалпы құны 338 млрд теңге. Аталған жобалардың ішінде 4 317 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін сомасы 179 млрд теңгеге 43 жоба 2019 жылы жүзеге асырылады. Оның ішінде құны 53,1 млрд теңгені құрайтын 6 жоба шетелдік капитал қатысуымен іске асырылуда. Бұл жобалар жұмыссыз жүрген 443 азаматты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болады.