Үшінші мегаполисте бей-берекет құрылысқа тоқтау қойылуда. Шымкентте заңсыз құрылыс жүргізгендерге 189 әкімшілік хаттама толтырылып, 103 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Шымкент соңғы 5 жылда, үшінші мегаполис мәртебесіне ие болғалы қызу құрылыс алаңына айналды. Жыл сайын 1 млн. шаршы метр құрғын үй салынуда. Дегенмен, құйтырқылыққа салып, заңсыз құрылысқа жол беретіндер де азаймай тұр. Тұрғын үй кешендерінің маңында, тұрғындарының тынысын тарылтып заңсыз құрылыс нысандарын салған азаматтардың жолы кесілуде. Тексеріс нәтижесінде заңсыз салынған 34 нысанды сүру туралы шешім қабылданып, сотқа жолданған.
Тиісті ережелерге сай салынбаған нысандар арасында автожуу бекеттері, дүкендер, қоғамдық тамақтану орындарының ғимараттары бар. Тексеру шаралары кезінде құрылыстың жобалық құжаттамасыз салынғаны, авторлық және техникалық қадағалаушыларсыз және құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғандығы туралы хабарламасыз жүргізілгені анықталған.
18 нысанға қатысты мәжбүрлеп бұзу туралы сот шешімі шығарылып, 9 талап –арыз сот шешімімен қанағаттандырусыз қалдырылса, 7-уі қазір сот органдарының қарауында. Бұдан бөлек, айыппұлға дейін құрылыс иелері 10 нысанды ез еркілерімен бұзған.
Заңсыз құрылыс нысандары мегаполистің сәулеттік келбетін бұзып қана қоймай, жобалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаушыларсыз жүргізілген құрылыс нысандары азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан да құрылыс салушылар ең бірінші рұқсат құжаттарын алып, жұмыс жобасын дайындап, пайдалануға қабылдау актісіне дейінгі құрылыс процесіне қойылатын барлық талаптарды орындағаны жөн. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары соған шақырады.
Тиісті талаптар орындалмаған жағдайда Заң талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылып, сот органдарына мәжбүрлеп бұзуға талап-арыздар жолданатын болады. Бей-берекет құрылысқа жол берілмейді дейді сала мамандары.
Bozyq.kz
1770 символ