Шымкентте «Қазақстанда сапалы дене тәрбиесі саясатын ілгерілету» тақырыбында консультативтік кездесу өтті. Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі, жобаның техникалық жұмыс тобының мүшелері, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО Алматыдағы Кластерлік Бюросының өкілі қатысты.
Елімізде «Сапалы дене тәрбиесін ілгерілету» жобасы іске асуда. Шаһардың бас ұстазы Жанат Тәжиева аталмыш жобаның берері мол, -дейді. Айтуынша мектеп оқушылары мен студенттер салауатты өмір салтынан бейхабар болып барады.
-Казақстанда сапалы дене тәрбиесі саясатын әзірлеу кезінде назар аударарлық дүние көп. Атап айтқанда, дене тәрбиесі мұғалімдерінен тұжырымдамалық негіздерді жаңарту, дене шынықтыру мазмұнын жаңғырту қажеттілігі туындайды. Бұл, ең алдымен, теория мен практиканың сәйкес келмеуі, студенттік және мектептегі дене шынықтыру, спорт мәселелері бойынша іргелі және әлеуметтану зерттеулерінің жеткіліксіз жүргізілуінен болып отыр,-деп атап өтті қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Арысбекқызы.
Елімізде дене шынықтыру пәні мұғалімдерін дайындайтын 38 мекеме бар екен. Бірақ, ол оқу орнын тәмамдаған педагогтердің басым бөлігі тестілеуден өте алмайды екен. Бұны сапаның төмендігімен байланыстырды Жанат Тәжиева. Жоба аясында арнайы нормативтік құқықтық актілер қабылданатын болса, ұстаздарға деген талап күшейтін болады.