Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қала мәслихатының жетінші сессиясына қатысты. Күн тәртібінде үшінші мегаполистің даму жоспары сараланды. Одан өзге тағы бірқатар маңызды мәселе қаралды.
Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Думан Таев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Жыл басынан бері қала аумағында тіркелген қылмыс саны 33 пайызға азайған. Бұл ретте бейнебақылау камераларының тигізетін үлесі зор. Әкімдіктің қолдауымен қоғамдық орындар мен үй аулаларына 1 500 камера орнатылды,-деді Думан Таев.
Шымкент қалалық мәслихатының депуттаттары Денсаулық сақтау басқармасының да есебін тыңдады. Денсаулық сақтау саласында 12 индикатордың барлығы орындалған. Шілде айында Шымкентте алғаш рет жүрек трансплантациясының жасалуы — мегаполис медицинасының үлкен жетістігі. Бүгінде дәрігерлер Израильдегі клиникаларда біліктіліктерін арттырып жатыр.
Сондай-ақ жиында қала әкімдігі жанындағы бірқатар комиссияның дербес құрамдарын бекітуде мәслихат шешіміне өзгеріс енгізу мәселелері де қарастырылды.
«Бүгін қала әкімі ретінде алғаш рет мәслихаттың сессиясына қатысып отырмын. Жергілікті атқарушы органның жүйелі жұмыс істеуіне оң ықпал ететін бірқатар мәселені қарадыңыздар. Президент Қ. Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында бұқарамен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде маңызды тапсырмалар жүктеді. Өздеріңізбен бірлесе қала тұрғындарының игілігі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, етене жұмыс істейміз», — деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Айта кетейік, кезекті сессия қазан айының екінші жартысына жоспарланып отыр.