1 қазан — Халықаралық қарттар күні. Шымкентте «Қарттарым — асыл қазынам» атты мерекелік іс-шара өтті. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 1 қазан — халықаралық Қарттар күніне орай ардагерлерді мерекелерімен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.
— Сіздерді халықаралық қарттар күні мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қарты бар үйдің шырағы сөнбейді. Бүгінгі құрмет-қошеметтің барлығы сіздерге арналады. Өздеріңізге айтар алғысымыз бен құрметіміз шексіз. Қазыналы қарияларымыздың қамсыз қарттығын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Ең бастысы саналы ұрпақ пен жақындарыңыздың қамқорлығына бөленіп, ортамызда аман жүріңіздер! — деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков .
Бүгінде қалада 88 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде 3 ұлы Отан соғысы ардагері мен 2 мыңнан астам тыл еңбеккері бар. Ақсақалдарға барынша қолдау көрсетіліп, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп отыр.
Мерекелік іс-шарада елдің дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты және Құрметті ардагер төс белгілерімен марапатталды.
Айта кетейік, Халықаралық қарттар күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылғы 15-ші желтоқсандағы № 45/106 қарары негізінде жыл сайын аталып өтеді. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60-74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал, ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді.