Бүгін Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтің «Көрме» орталығында кезекті бірыңғай қабылдау күні өтті. Қала тұрғындарын қабылдау күнінде 200-ге жуық азамат өтініш білдірген. Сондай-ақ әкім орынбасарлары, департамент басшылары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және тиісті мамандар да тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Қабылдауда қала әкімі халықтың ұсыныс-тілегін ескеріп, өтініш білдірген тұрғынның бәрін қабылдады.
Дегенмен, әлеуметтік желілерде азаматтарды кезекті бірыңғай қабылдау кезінде Шымкент тұрғындары «айқайлап, жанжалдасып жатқаны туралы» ақпарат тарады.
Дәстүрлі қабылдау әр айдың бірінші сәрсенбісінде жүйелі түрде өткізіледі. Қала әкімінің қабылдауына кіруге ниет білдірген халықтың көп болуына байланысты қалыптан тыс жағдай туындады.
Қабылдау кезіндегі тұрғындардың кезегін реттеу мақсатында таңғы сағат 8:00-ден бастап талондар беріле бастады. Нәтижесінде қала әкімінің қабылдауына 200-ден астам адам жазылды.
Сонымен қатар, әртүрлі саладағы қалалық басқарма және құқық қорғау органдарынның басшыларының қабылдауына алдын-ала жазылу бойынша 350-ден астам адам кірді.
Одан бөлек, көптеген қала тұрғындары талонсыз және кезекті сақтамай қабылдауға кіруге ұмтылды. Өтініш берушілердің бір-біріне де, әкімдік қызметкерлеріне де дөрекі қарым-қатынас жасау фактілері болды. Қазіргі таңда Шымкент полиция департаментінің қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.