Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 17 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылған. 9156 адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылған болса, 8 мыңға жуығы субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында басқарманың 2023 жылдың 9 айында атқарылған жұмысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері 22 870 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 21 815 орын кәсіпкерлік жеке бастамамен және 1055-і ұлттық жобалар аясында ашылған.
-Қазіргі таңда 2431 жұмыссыз азамат тегін 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуде. Оқу сәтті аяқталған соң оларға сертификат табысталып, әлеуметтік келісім-шарт негізінде кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орындарына орналастырылатын болады. Сондай-ақ жыл басынан бері https://skills.enbek.kz/ онлайн платформасында 2 жарым мыңнан астам адам кәсіптік білім алды, -деді Балмаржан Нарбекова.
Жалпы, Шымкентте биыл 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, 9 айда 56 379 адам қатысқан. Жылдық жоспар 99 пайызға орындалып отыр.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың сөзіне сенсек, 60 215 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Былтырғы жылмен салыстырғанда АӘК алушылар саны 22,6 пайызға азайған. Мемлекеттік атаулы көмек алушы жанұяларындағы 1-6 жас аралығындағы 20 033 бала кепілдендірілген әлеуметтік топтаманың 1,5 айлық есептік көрсеткіш яғни, 5175 теңге көлеміндегі ай сайынғы қосымша төлемімен қамтамасыз етілген.
-Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне кедейлік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар азаматтарға тағайындалады. Бүгінгі күні кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде немесе 2023 жылдың 3 тоқсанына орта есеппен 32 716 теңге болып белгіленген.Қала бойынша сондай-ақ 80 жастан асқан 123 жалғызілікті қарияға ай сайын 2 АЕК-тен (6900 теңгеден) әлеуметтік көмектер төленуде. Медициналық мекемелерде қатерлі ісік ауруымен диспансерлік есепте тұрған 118 балаға ай сайын 5 АЕК-тен немесе (17 250 теңгеден) әлеуметтік көмектер төленуде,-деп атап өтті Балмаржан Нарбекова.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары жұмыс істейді. Онда 1 мыңнан астам маман қызмет көрсетуде. Жыл басынан бері 3346 адам оңалту шараларымен қамтылған. Оның ішінде 953 азаматқа әлеуметтік қызметкерлер үйлеріне барып қызмет көрсетуде.