Шымкент қаласында «Таза қала – өзіңнен басталады» атты акция аясында алғашқы жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Шымкент қаласы Абай ауданына қарасы Жаңаталап елі мекенінің тұсынан ағып өтетін «Бадам» өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды.
«Таза қала – өзіңнен басталады» атты акциясына шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков бастап, қала әкімі аппаратының, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, әкімдікке қарасты барлық салалық басқармалардың, аумақтық органдардың, мемлекеттік және жеке меншік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері мен ерікті жастар қатысты. Сонымен қатар, «Бадам» өзенінің жағалауын тазалауға «Жаңаталап», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Көкбұлақ» және «Алтынтөбе» елді мекендерінің тұрғындары да бір кісідей атсалысты. Сондай-ақ көшелер мен үйлердің басқарушылары, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың қызметшілері белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартты. Сенбілікте депутаттар, кәсіподақ, қоғамдық кеңес мүшелері мен кәсіпкерлер және ерікті жастар да белсенділік танытты.
Сенбілікке жиылғандар өзен сағасын күл-қоқыстан тазартып, арнайы техниканың көмегімен сыртқа шығарды. Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманқұловтың айтуынша, бүгін сенбілік ұйымдастырылып жатқан «Бадам» өзенінің жағалауына алдағы уақытта ағаш көшеттері отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуі жоспарланып отыр. «Таза қала — өзіңнен басталады» атты акциясына 50 мыңға жуық тұрғын атсалысып, 81 елдімекенде тазалық шаралары ұйымдастырылды.
Келесі жалпысенбілікте Әл Фараби ауданы аумағына басымдық беріледі. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша шеткі аумақтардағы қоқыс үйінділерінде тазалық шаралары күшейтіледі. Ал қараша айында тал егу жұмыстары басталады. Қаланың орталықтары, «Тұран» елдімекені және аэропорт аумағына жапырақты, қылқан жапырақты түрлі декоративі ағаштар отырғызылады.
Айта кетейік, «Таза қала – өзіңнен басталады» атты акция қазан-қараша айларында тұрақты түрде жалғасып, осындай ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.