Шымкенттегі «Назар Текстиль» ЖШС — жылына 2,3 млн шаршы метр өнім өндіруге қауқарлы. 2014 жылы іске қосылған кілем және кілем бұйымдарын шығаратын фабрика «Оңтүстік» АЭА аумағындағы орналасқан. Фабрикада 100-ге жуық азамат жұмыс істейді. Заманауи қондырғылармен жабдықталған.
Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықты сұранысқа қарай толықтай қамтып отыр. Экспорт көлемі де ұлғайған. Фабрика іске қосылған кезеңнен бастап 5,2 млрд теңгенің өнімін өндірсе, экспорт көлемі жылына 120 млн теңгені құрап отыр.
Шымкенттегі «Назар Текстиль» өндіріс орнының ауқымы күннен күнге артып келеді. Бүгінде өнеркәсіп орнында кілемнің жүзден астам түрі бар. Бәсекеге қабілетті тоқыма зауыты тоқтаусыз жұмыс істеуінің арқасында мұнда кілем өндірісі қарқынды дамып келеді. Отандық өнімге деген сұраныста арта түсуде.
Мұндағы техникалардың барлығы арнайы Бельгиядан алынған. 3 ауысыммен жұмыс істейтін мекеме ай сайын 100 мың шаршы метр шамасында кілем тоқып шығарады. «Назар Текстиль» тәжірибе алмасу ісін ұйымдастыруда да алдыңғы қатарда. Шетелдік фабрика жұмысын толық меңгерген маманды Қазақстанға алдыртып, жұмысшыларға техниканың басында жүріп үйрететін көрінеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Назар Текстиль» фабрикасының кілемдерін сату желісі Қазақстанның барлық облысында орналасқан. Кәсіпорын өнімдері Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне экспортталады.