Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардараға іссапармен келіп, бірнеше нысандарды аралады. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай Өмірзақ Естайұлына ең алдымен «Тұрар» шаруа қожалығында атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті. Белгілі кәсіпкер Юрий Ан басшылық жасайтын бұл шаруашылық биыл ерте көктемде 35 гектар алқапқа пияз, 40 гектарға мақта, 20 гектарға бақша дақылдарын еккен болатын. Алғашқы егістен ойдағыдай өнім алып үлгерген қожалық диқандары қазіргі таңда екінші өнімді өсіріп отыр. Яғни, күздік егіске қызылша, күздік пияз және қырыққабат өсірген «Тұрар» шаруа қожалығының диқандары уақтылы күтіп-баптаудың арқасында алда тағы да мол өнім алмақшы. Қожалық басшысы Юрий Владимирович облыс әкімі Өмірзақ Естайұлына 8 гектарға егілген қырыққабат алқабын таныстыра отырып:
–Сіз көктемде іссапармен келген кезіңізде бір алқаптан екі рет өнім алу жөнінде айтқан едіңіз. Біздің диқандар сіздің тапсырмаңыз бойынша биыл екінші рет дақыл егуді бастап көрді. Өзіңіз көріп тұрғаныңыздай егініміз бітік шығып отыр. Жақсы түсім аламыз деп отырмыз, – деді.
Еңбекқор азаматтың нәтижелі жұмысына облыс әкімінің де көңілі толды.
–«Тұрар» шаруа қожалығының жұмысы өзгелерге де үлгі-өнеге болуға тиіс. Барлық ауылдық округтер осындағы озық тірліктен тәжірибе алып, жылына екі рет өнім алуды үйренулері қажет, — деді Өмірзақ Естайұлы.
Егістік алқап басында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аймақ басшысына ауылшаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарды баяндап, шардаралық диқандардың өсірген қауын-қарбыз, алма, жүзім, шабдалы, басқа да бау-бақша өнімдерін таныстырып өтті.
Мұнан кейін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қалалық бас су торабына ат басын бұрып, коммуналдық қызмет көрсететін нысанның жұмысымен танысты. «Шардара сервис» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Құрманғазы Әкпаров 1983 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан су торабының бүгінгі таңдағы жағдайымен таныстырып, ауыз су сапасын түбегейлі жақсарту үшін күрделі жөндеу жұмысына жоба жасалынып жатқанын айтып өтті. Бас су торабындағы жағдаймен жете танысқан Өмірзақ Естайұлы ауыз су сапасын жақсарту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе екеніне тоқталып, бұл жобаға қаржы бөлінетінін жеткізді.
Аймақ басшысы қалада орналасқан «Шардара армспорт» спорт клубындағы ерен еңбекті көрді. Жаңадан іске қосылған армрестлинг, ауыр атлетика, таэквон-до залдары мен найза және ядро лақтыру алаңында болып, шардаралық өрендердің жанкешті жаттығуларына куә болды. Спортшылар алдында сөз сөз сөйлеген облыс әкімі Шардара спортының шоқтығы еліміз бойынша биік тұрғанын атап көрсетті.
–Мұндағы тынымсыз жұмысты көріп қуанып отырмын. Шардарада спорт саласы қарқынды дамып келеді. Соның ішінде, Арман Қарсыбаев жаттықтыратын қол күресшілердің жетістіктерін әлем мойындайды. Алдағы уақытта да әлем чемпиондары шыға берсін деп тілеймін, — деген Өмірзақ Шөкеев өзінің атынан «Шардара армспорт» спорт клубына шағын автобус көлігін сыйға тартты.
Облыс әкімінің қолынан су жаңа автокөліктің кілтін алған армрестлинг спортынан әлемнің екі дүркін чемпионы Мағжан Шәмиев Өмірзақ Естайұлына қол күресшілердің атынан алғыс айта отырып, спорт саласын дамытуда аянбай еңбек ете беретіндерін жеткізді. Өмірзақ Естайұлы мұнан кейін спорт клубының ауласындағы әлем чемпиондары аллеясына алғаш болып ағаш көшетін отырғызып берді.
Өмірзақ Естайұлының іссапары одан әрі жалғасып, қаладағы А.Оразбаева көшесіндегі №6 көпқабатты үйдің тұрғындарымен кездесті. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында Шардара қаласындағы көпқабатты 6 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 4 тұрғын үйді күрделі жөндеу үшін жобалау сметалық құжаттамалары әзірленген. Жалпы қалада 2020 жылы көпқабатты 10 тұрғын үйді жөндеу жоспарда бар.
Облыс әкімі индустриалдық аймақта болып, мұндағы бой көтеріп жатқан «Ай-Қажы» Ақ алтын» ЖШС-інің мақта өңдеу зауытының құрылысымен де танысты. Серіктестік басшысы Қаппарқұл Тәңірбергенов облыс әкіміне жылына 20 000 тонна мақта шикізатын өңдейтін кәсіпорынның болашақ жоспарымен таныстырып өтті. Инвестициялық құны 896 млн теңгеге бағаланып отырған бұл зауытта 125 адам жұмыспен қамтылмақ. Мақта майы, медициналық мақта шығарып, тоқыма фабрикасын іске асыру сияқты перспективалық даму жоспарын айтып өткен серіктестік басшысы айналым қаражатын толықтыру үшін қосымша несие қаржы алу мәселесін шешуге облыс әкімінен жәрдем сұрады. Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы индустриалды аймақ аумағында қолға алынып жатқан «Turan – IT» ЖШС-інің «Data centr» серверлік орталығының жобасымен де танысты.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі.