ШЫМКЕНТ: ЗАХАРДИН ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ 75 ЖАСТА

 Шымкентте «Republic Day» іс- шарасы аясында жазушы, драматург Қазақстанның құрметті журналисті Захардин Қыстаубайұлының 75 жасқа толған мерейтойы аталып өтті. «Қалам ұшындағы ғұмыр» деп аталған кешке белгілі журналистер, жазушылар, ақындар қатысып, З. Қыстаубайұлының өнегелі өмірі мен елге сіңірген қызметі жайында ой толғады.

Кешке ақын-жазушылар, журналистер, кітапхана басшылары мен жоғары оқу орындарының студент жастары қатысты. Іс-шараны журналист, ақын, аудармашы Әбдісаттар Әліп жүргізді. Кеш барысында жазушының өмірі мен шығармашылығы жайында әңгіме қозғалды.

—Қазақта «әдемі қартаю» деген сөз бар. Сол сөз қадірлі дос, үлгілі жазушы Захардин Қыстаубайұлына арналғандай. Ол — өзінің көркем мінезімен, салиқалы сөзімен халықтың жүрегінен орын алған, шығармаларында өзекті ой, қоғамдағы қажетті тақырыптарды қозғай білген жазушы. Сондықтан да бүгінгі кеште жазушының шығармалары студенттерге кеңінен насихатталсын деп жастарды шақырдық, — деді жазушы Момбек Әбдәкімұлы.

Іс-шарада Захардин Қыстаубайұлы  журналистика мен әдебиет арасындағы байланыс жайында ой қозғады. Кеште Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ студенттері З.Қыстаубайұлының шығармаларынан үзінді оқып, өз пікірлерін ортаға салды. Әуезді ән мен күмбірлеген күймен өрілген мерейлі мерейтойда З. Қыстаубайұлы шығармашылықтағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *