Елімізде қазан айының соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл жүгі ауыр әрі алғыс арқалайтын арда мамандыққа деген шынайы құрметтің дәлелі. Кәсіби мерекеге орай Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында сала үздіктері марапатталды.
Салтанатты рәсімде басқарма башысы Балмаржан Нарбекова әлеуметтік салада көп жылдан бері еңбек етіп, дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген мамандарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісін, «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаттарын», Шымкент қаласы маслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетовтың атынан «Алғыс хатын» табыс етті.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлеріне артылған талап пен міндет те жоғары. Әлеуметтік кодекс аясында қызметкерлердің мәртебесін көтеру көзделген. Осы мақсатта олардың біліктілігін арттыру және санаттар бере отырып, одан әрі сертификаттау жоспарлануда. Мүгедектігі бар азаматтарға оларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі ұсынылады.
Жалпы, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында 1 жарым мыңнан астам маман қызмет көрсетуде. Жыл басынан бері олар 3346 адамды оңалту шараларымен қамтыған. Оның ішінде 953 азаматқа әлеуметтік қызметкерлер үйлеріне барып қызмет көрсетуде. Әлеуметтік қызметкерлер ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, өмірлік қиын жағдайларда қолдау көрсету мақсатында 8 бағытта қызмет көрсетеді.