«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 17 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылған,-деп хабарлайды Bozyq.kz.
Халықты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыру — әлеуметтік қорғау жүйесінде маңызды әрі жауапты бағыттардың бірі. Осы орайда Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығы және оған бағынысты аудандық «Мансап» орталықтарының мамандарына артылған жауапкершілік өте жоғары. Әлеуметтік салада атқарылып жатқан ауқымды жобалар мен жоғары көрсеткіштер осы қарапайым мамандардың еңбек нәтижесі.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Шағдат Әсетұлы сала үздіктерін құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Салтанатты рәсімде мамандарды Шымкент қаласы маслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетовтың, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева мен аудан әкімдерінің атынан «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан атқарылып жатқан жұмыс ауқымы кең. Мәселен, жыл басынан бері қалада «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 17 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде тең жартысынан астамы тұрақты жұмыс орнына орналастырылған болса, 8 мыңға жуығы субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған.