ШЫМКЕНТ: ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында «Жеңіл атлетикалық манеж» спорт кешенінде академик Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнир басталды. Биыл 29-шы рет ұйымдастырылған жарыста еліміздің барлық өңірінен және Қырғызстан, Өзбекстан республикаларынан, жалпы 240 спортшы бақ сынап жатыр.

Сайыстың ашылу рәсімінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов шаһарда грек-рим күресі қарқынды дамып жатқанын, спортшыларға жағдай жасауда жүйелі жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.

-Академик Мардан Баймырзаұлы еліміздің өркендеуіне, спорттың дамуына айрықша үлес қосқан тұлға. Қаншама спорт саңлақтары мен шәкірттер даярлап, өшпес із қалдырды. Дәстүрлі сайыстың жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келеді. Шымкент қаласының балуандары да биыл Азия ойындарында жүлделі орындарды иеленді. Шаһарда спортты қолдаудағы жүйелі жұмыстар одан әрі жалғасын табады, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Думан Зекенов турнирдің тарихына тоқталып, балуандарға сәттілік тіледі.

Шаһарда грек-рим күресі қарқынды дамып келеді. Биыл Шымкент қаласының балуандары Мейіржан Шермаханбет пен Әлімхан Сыздықов Азия ойындарында жүлдегер атанған болатын.

Дәстүрлі жарыс ертең мәресіне жетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *