Шымкент қалалық №3 емханасы жанынан «Сұңқар» Жастар денсаулық орталығы ашылды. Мұнда 10-18 жас аралығындағы кәмелетке толмаған балалар мен 18-29 жас аралығындағы жастарға репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша консультативтік, медициналық-әлеуметтік, заңгерлік қызметтер көрсетіледі. Ақылы емес. Тегін.
«Сұңқар» Жастар денсаулық орталығын ашудағы негізгі мақсат — өскелең ұрпақтың, жастардың денсаулығын сақтау және әлеуметтенуі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету. Салтанатты шараға арнайы қатысқан «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының төрағасы Төлебай Рахыпбеков мұндай орталықтардың маңызы зор екенін атап өтті. Еліміздің әрбір аймағында Жастар денсаулық орталықтары көптеп ашылып жатқанын мәлімдеді.
—Қазіргі уақытта жастардың арасында мәселе өте көп. Соларды шешу үшін осындай орталықтар ауадай қажет. Мұнда бәрі құпия түрде. Мұнда жастарға сенімділік және мейірімді көзқарас тұрғысынан көмек беріледі. Қазір еліміздің әр аймағынан осындай мекемелер көптеп ашылуда, — деді Т.Рахыпбеков.
Орталықта емдеу-диагностикалық қызметі, мамандардың қабылдауға арналған кабинеттері, тренингтер өткізуге арналған зал қарастырылған.
Айта кетсек, Шымкент қаласында бүгінде жалпы 5 Жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Олар №3, №6, №7, №13 және Даумед мекемесінде орналасқан. 2023 жылдың 9 айында Жастар денсаулық орталығының көмегіне 6411 пациент жүгінген.