Отырарлықтар Арыстанбаб кесенесінің аумағын тазартты,-деп хабарлайды Bozyq.kz.
«Киелі мекен» апталығы аясында Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесінің аумағы қоқыстан тазартылды. Атқарылған шараға «Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, ауыл тұрғындары мен ерікті жастар қатысты. Акция аясында кесененің айналасындағы қоршаулар сырланып, ағаш түптері әктелді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы бойындағы қоқыс қалдықтары да жинақталы.
Айта кетсек, Арыстанбаб – X-XI ғасырларда өмір сүрген, ислам ғүламаларының бірі және Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы. Кесенеде Қарға баба, Лашын баба және Шерімбет әздер жерленген. Құрылыстың бастапқы мазары XIІ ғасырда басталып, кесенені XІV ғасырда Әмір Темір тұрғызған. Кесенеге соңғы жөндеу жұмыстары 2004 жылы жүргізілген.
Жалпы, Түркістан облысында 1754 тарихи және мәдениет ескерткіш бар. Оның ішінде 1 халықаралық маңызы бар нысан (Х.А. Ясауи кесенесі), 31 Республикалық маңызы бар нысан, 421 жергілікті маңызы бар нысан, алдын ала тізімдегі 1301 нысан орналасқан. Түркістан облысының аумағы тек мәдени-тарихи сәулет ескерткіштеріне ғана емес, сонымен қатар негізінен облыстың таулы және тау бөктерінде орналасқан әртүрлі қызықты табиғи нысандармен ерекшеленеді.