Түркістан облысының Қазығұрт ауданы Шанақ ауыл округінде қазақ даласының жауһары, гүлдің патшасы саналатын қызғалдақты дәріптеуге арналған «ҚЫЗҒАЛДАҚ FEST» тақырыбында дала мерекесі атап өтілді,-деп хабарлайды Bozyq.kz.
Ғалымдардың айтуынша, әлемде қызғалдақтың 3000 түрі бар. Ал Қазақстанда соның 35 түрі кездеседі. Оның 12-сі тек қазақ даласында ғана өсетін түр болып саналады.
«ҚЫЗҒАЛДАҚ FEST» дала мерекесін ұйымдастырудағы басты мақсат — Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген ерекше көркімен дараланатын қызғалдақ гүлін сақтап қалу, табиғат анаға деген жанашырлықты арттыру,-дейді мамандар.
Шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудандық мәслихаттың депутаттары, Ардагерлер кеңесі мен Әжелер алқасының мүшелері, белсенді жастар, ауыл тұрғындары мен бірқатар аудан қонақтары қатысты. Мереке барысында қазақы киіз үй тігіліп, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелді. Сондай-ақ, арнайы фотосессиялар ұйымдастырылды.
Айта кетерлігі, бұл қызғалдақ мерекесі Түркістан облысында соңғы он жыл ішінде ұдайы ұйымдастырылып келеді.