Шымкент қаласында Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай жаппай жүгіру өтті,- деп хабарлайды Bozyq.kz.
“Бірлік” жүгіру марафонына әуесқой, белсенді қала тұрғындары, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, Дене шынықтыру және спорт басқармасы, этномәдени бірлестік мүшелері мен қатар ассамблея жастары қатысты.
Ұйымдастырушылар іс-шараның маңыздылығына тоқиалды. Жарыстың мақсаты – қаламыздағы барлық этностарды, қала тұрғындарын бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтының төңірегіне топтастыру екенін алға тартты.
—Біздің күшіміз — бірлікте! Қашанда татулық пен ынтымақты ту еткен еліміз үшін өзге ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынаста болып, біртұтастықта өмір сүру маңызды. Еліміздегі болып жатқан өткінші қиыншылықты да бірге еңсереміз. Қиын-қыстау кезеңде қол ұшын, көмегін аямаған этномәдени бірлестіктердің мүшелеріне барша халық атынан алғыс айтамын. Бүгінгі жаппай жүгіру күнделікті әдетке айналуы керек. Қала халқын дене шынықтырумен айналысуға шақырамын, — деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бақтияр Өнербаев.
Жүгірушілер 5 шақырым қашықтықты оңай әрі жеңіл бағындырды. Көбі 15-20 минутта мәреге жетті. Алғашқы болып, әрине, 2-ші спорт мектебінің жаттықтырушысы Азизхан Камилжанов жетті.
Шара соңында қатысушылардың барлығына тиісті сертификаттармен марапатталды.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керектігін жеткізген болатын.
«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағыты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек», — деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.