СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК: ҰЯТ-ИМАННЫҢ ҚАБЫ

Бүгін  «Жастар ресурстық орталығында» Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынға бірқатар басқарма басшылары,  зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің жетекшілері және белсенді жастар қатысты. БАҚ өкілдері де шет қалмады. Қош!

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев баяндама жасады. Бар мен жоқты түгендеді. Аймақтағы қоғамдық-саяси ахуалды сөз етті. Үкіметтік емес ұйымдармен байланыс, этносаралық қатынастар, ақпараттық саясатты жүргізу, жастар және отбасы т.б. салалар бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне жеке-жеке тоқталды.

Қаламыздағы ішкі саясаттың тұрақтылығын қалыптастыру, идеологиялық және тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыруда әкімдік пен қатар қалалық мәслихат депутаттарын, қоғам белсенділері мен ардагерлер, зиялы қауым, азаматтық қоғам өкілдері, саяси партиялар мен Қоғамдық кеңес мүшелері,  журналистер, Ассамблея мүшелері мен дін қызметкерлері және жастар жұмылдырылуда. Аталған салалардың әр маманы қаланың идеологиялық тұрақтылығына еңбек етуде,-деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев.

Баяндама біткені сол еді,  жарыссөз басталды. Үнтаяққа таласқандар көп болды. Бірі идеологияны жандандыра түсу керектігін айтса, бірі  жастар арасында болып жатқан түрлі келеңсіз жайттар туралы өз ойын ортаға салды. Ашық форматта өткен алқа мәжілісте  сын, ұсыныс, тілек,  не керек бәрі айтылды.

Кейін былайғы жұрттың базынасын ұйып тыңдаған Сәрсен Құранбек  сөз алды.  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары  БАҚ саласындағы өзекті мәселерге тоқталды. Жат ағымның жетегінде кеткендердің жайын «жұқалап»  жеткізді.

Ұят — иманның қабы. Ұят бар жерде иман бар.  Ұят жоқ жерде иман жоқ.  Сенім бостандығы беріліп қойғанымен, бірінші міндетті орындау керек. Оқу-білімге ден қойылу керек,-деді  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары  Сәрсен Құранбек  алқа мәжілісте  айтылған ұсыныстар мен талап-тілектердің  бәрі алдағы уақытта ескерілетінін  мәлімдеді. Ал, біз «балапанды»  күзде санаймыз!

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *