ТӨТЕНШЕЛІКТЕР САҚТЫҚҚА ШАҚЫРДЫ

Түркістан облысында су нысандары мен шомылу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды Bozyq.kz.

Бүгін Түркістан облысының  әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мекемелер мен аудан, қала әкімдеріне тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырма берді.

– Шомылу маусымы ашылып жатыр. Төтенше жағдай департаменті, аудан, қала әкімдіктеріндегі жауапты бөлімдер қырағылықты күшейтуі тиіс. Тұрғындар арасында суға шомылу ережелерін сақтау, қауіпті аймақтарға шомылмау жөнінде түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізілсін. Барлық аудан, қаладағы жұртшылық шомылатын орындардың картасын әзірлеп, сол аймақтарда қауіпсіздікті күшейту керек. Су нысандарын қоршау, балаларға арналған каркасты бассейндермен, коммуналды шомылу жағажайларымен қамту жұмыстары жандансын, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы 361 патруль және рейдтік жұмыстар, 3514 адамды қамти отырып, халықпен 262 кездесу ұйымдастырғанын айтады.  БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Судағы қауіпсіздік» және «Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шаралары» материалдар жарияланып,  білім беру ұйымдарында 2653 оқушыны қамтитын 24 интерактивті сабақ өткізіпті.

Суға шомылу маусымында адамдардың қаза болуының басты себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы. Атап айтқанда, спирттік ішімдік ішіп суға түсу, су жағалауында балаларды бақылаусыз қалдыру, зерттелмеген жерде балық аулау және тағы басқа жағдайлар. Осыған байланысты облыс тұрғындарына барынша сақтық шараларын сақтауды ескертеміз,  дейді Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Айта кетейік,  Түркістан облысында 4334 су нысандары бар. Олар: 42 су қойма, 149 ірі және кіші өзен, 25 көл, 2870 канал және 1248 қашыртқы.

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *