ӘКЕЛЕР КҮНІ: ШЫМКЕНТТЕ 10 ОТБАСЫ СПОРТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН САЙЫСҚА ТҮСТІ

Биылдан бастап елімізде мерекелік күндердің тізбесіне «Әкелер күні» мерекесі енгізілді. Енді маусым айының үшінші жексенбісі осы мерекені тойлауға бағытталады. Айтулы күнге орай, бүгін Шымкент қаласында алғаш рет жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен “Otbasy fest” жобасы шеңберінде “Әкелер күні” аталып өтті.

-“Әкелер күні” мерекесінің аптаның жексенбі күніне бекітілуінде де үлкен мән жатыр. Отбасыда әкенің тәрбиесі мен өнегесі перзент үшін өмір бойы азық. Сондықтан демалыс күндері әкелер бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлсе, отанға қызмет ететін, елдің дамуына үлес қосатын ұрпақ тәрбиеленіп шығары анық. Бүгінгі іс-шарадағы 4 түрлі спорттық сайыста әкенің сабырлығы, отбасындағы ұйымшылдық, тілсіз бір-бірін ұғынуы сынға түспек. Жеңімпаздарға “Бақытты жанұя” орталығындағы тігін курсының білім алушылары қолынан шыққан қолөнер бұйымдары сыйға беріледі, — деді “Бақытты жанұя” орталығы басшысының орынбасары Ерлан Альжанов.

“Жүзден жүйрік” деп аталатын спорттық ойындардан жарыс бірнеше бөлімдерден тұрады. Таныстыру бөлімінде әр отбасы өз командасының аты мен ұранын таныстырды. Мұнан кейін, асық ату, кедергілер арасынан шүгіріп жарысу, арқан тарту, “кім жылдам?” ойынында эстафета таяқшаларын бір-біріне ұзатып жарысты. Жарыстың соңғы түрінде әкелер кір тасын көтеруден күш сынасты. Ал, қатысушылардың спорттық ойындардан шеберлігін қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының жаттықтырушылары бағалады.

Қазылар алқасының қорытындысы бойынша, ІІІ орыннан Қожабековтер отбасысы көрінсе, ІІ орынды Мигматовтар отбасына бұйырды. Жүлделі І орынды Маликовтар жанұясы қанжығалады. Сонымен қатар, қатысушыларға “Үздік ойыншы” мен көрермендер арасынан “үздік жанкүйер” номинациясы бойынша алғыс хаттар табысталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *