ШЫМКЕНТ: БЕС ЖҰЛДЫЗДЫ ҚОНАҚ ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Әлемде туризмнен табатын кірісінің арқасында күн көріп отырған елдер бар. АҚШ, Түркия, Мысыр, тізе берсек көп. Қазақстан да қатарға қосылатын күн жақын. Бұл тұрғыда үшінші магаполистің мүмкіндігі мол. Өңірге келетін туристер саны жыл сайын 10 пайызға артып отыр. Үшінші мегаполисте 100-ден астам  туристік нысан бар.  150-ге жуық  қонақ үй жұмыс істейді. Өңірдің туризм саласында  2000-ға жуық  адам еңбек етеді.

Бұл апта Шымкент қаласында  бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы басталды.  Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков әйгілі «Hilton» халықаралық желісінің қонақ үйінің құрылысы аумағында капсула салу рәсіміне қатысты. Мегаполис басшысы қонақ үй кешенінің жобасымен танысып, оның құрылысын бастауды тапсырды.

«Мұндай нысандар туристік әлеуетті дамытуда ғана емес, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруда да маңызды. «Hilton» — әлемге әйгілі бренд. Болашақта қонақ үй қаламызды толықтырып, туристер мен барлық қонақтар үшін тартымды етеді», — деді Г.Сыздықбеков.

Қонақ үйде 167 бөлме, ballroom, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференц-зал бар. Құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Шымкен сити шағынауданында бой көтерген бес жұлдызды қонақ үйді 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, қала әкімі ұлттық стильде салынған «Qazaq Hotel» қонақ үйіне барды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 30 жұмыс орны құрылды. Жаңа қонақ үйде 64 заманауи және жайлы бөлмелер бар. Қонақтардың жайлылығы үшін қосымша қызметтер – мейрамхана, SPA-салон, конференц-зал және автотұрақ қарастырылған.

Жалпы, Шымкенттің туристерді өзіне магнитше тартатын 4 артықшылығы бар. Олар: арзан сервис (қонақ үй), жайлы ауа-райы, тарихы орындары. Сосын, дәмі тіл үйірер тағамы.

2023 жылды қайдам,  2022 жылы  Шымкент қаласына 450 мыңға жуық турист келген. Жәй келмеген. Қала қазынасына  12 млрд. теңге қаржы тастап кеткен.  Туризм саласынан түскен табыс,  қала бюджетінің шамамен 1,5 пайызын құраған.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *