Үшінші мегаполис тағы бір жаңа аллеямен толықты. Қала күні қарсаңында жаңа гүлзар ашылды.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданына қарасты Жібек жолы — Сайрам көшелері қиылысында тағы бір жаңа гүлзар ашылып, пайдалануға берілді. 10 000 шаршы метр аумақта тұрғындардың демалысы үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа гүлзардың ашылуына қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
« Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды. Демеушілер мен мердігер компания өкілдеріне атқарылған жұмыстар үшін алғысымды білдіремін. Мақсатымыз – қаланы халыққа өмір сүруге барынша қолайлы ету. Біз саябақтар мен алаңдарды абаттандыру мен көгалдандыруды бірегей стильде жасауға тырысамыз. Халық көп шоғырланатын орындарды көгалдандыруды жалғастырамыз», – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Бұл аймақ, яғни Жібек жолы мен Сайрам көшесінің қиылысы кептелістен көз ашпайтын. Бейберекет орналасқан дүңгіршектер мен дүкендерге көліктер тоқтап, екі жолақты көшені тарылтатын. Одан қалса Түлкібас-Тараз бағытына сапарға шыққан жолаушылар жол-жөнекей қол бұлғап тұрып алатын. Қазіргі таңда проблема шешілді. Аялдамалар өзге орынға көшірілді. Жабайы сауда орындары сүрілді. Орнына жасыл желек егіліп, аяқ жолдар салынды. Қала тұрғындары бір сәт демалатын, орындықтар қойылып, балалар ойнайтын 2 ойын алаңшасы салынды.
Мұнда шағын архитектуралық пішіндер, табиғи тастан жасалған орындықтар, жарықтандыру шамдары орнатылып, көгал төселіп, 200-ден астам ағаш отырғызылды. Жалпы, жасыл аумақ шамамен 7500 шаршы метрді құрайды.
Айта кетейік, Шымкент қаласында соңғы 6 айда «Спутник» аталып кеткен жер шағын демалыс аймағына айналды. Жуырда «Аналар аллеясы» ашылды. Ал, бұл демеушілер қаржысына салынған үшінші гүлзар.