Кентау қаласы «Қаратау тәжі» деген атқа ие. Қазіргі кезде Кентау қаласында 4 ауылдық округ, 7 елді мекен бар. Қала халқының саны шамамен 75 мың адамды құрайды. Халықтың ұлттық құрамы: қазақтар 65,7%, өзбектер 25,2%, орыстар 5,4%, басқа ұлттар 3,7%.
Бүгін Кентау қаласындағы 200-ге жуық еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Оның ішінде қаладағы тазалық пен көгалдандыру, абаттандыру саласында үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан жұмысшылардың еңбектері еленді. Шара қала әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған. Жиынға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов нағыз еңбек адамдарының тынымсыз еңбектеріне тоқталып, алғысын жеткізді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтқан болатын. Осы тұрғы да біздің өздеріңізге деген құрметіміз шексіз. Сіздер әрдайым жүктелген еңбекті адал атқарып, қаланың тазалығына, көгалдануына, абаттандыруына айрықша үлестеріңізді қосып келесіздер. Осы еселі еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін» деді қала әкімі Жандос Тасов.
Шара барысында қаладағы коммуналдық салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан бірқатар жұмысшылар «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек, қала әкімінің және қалалық маслихат төрағасының Алғыс хатымен марапатталып, сыйлықтар үлестірілді.