Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Шымкент — еліміздегі үшінші мегаполис атанды. Осылайша шырайлы шаһар дамудың жаңа сатысына көтерілді. Содан бері тура 6 жыл өтті. Не өзгерді?
Өзгеріс көп. Шымкент бұрын-соңды болмаған құрылыс алаңына айналды. Қаланың экономикалық өсімі артты. Инвестиция тартуда көш бастады. Жә, айтпағымыз ол емес…
Шымкентте 19 маусым Қала күні болып бекітілген. Бұл күн жыл сайын атап өтіледі. Әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі. Дәстүр солай… Бүгін үшінші мегаполисте мәдениет ордасы «Tulip Hall» конгресс хол ғимараты халық игілігіне берілді. Соңғы шегесі кеше қағылған, су жаңа нысанда салтанатты іс-шара өтті. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты. Қысқасы, игі жақсылар төрт көзі түгел жиналды. Ғабит Сыздықбеков шымкенттіктерді қала күнімен құттықтады.
— 2200 жылдық тарихы бар қаламыз даму шежіресін алтын әріптермен жазып келеді. Қаламыздың келбеті жылдан-жылға ажарланып, экономикасы өрлеп, халықтың әл-ауқаты артуда. Жаңа идеялар мен жоспарлар, ауқымды инвестиция миллионды қаланың дамуына жаңа серпін берді. Игіліктің барлығы — сіз бен біздің ортақ еңбегіміз. Өз еңбегімен, күшімен және талантымен қаламыздың дамуы мен әл-ауқатына өлшеусіз үлес қосқан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын, — деді Ғабит Сыздықбеков.
«Тulip» – ағылшын сөзі. Қазақша баламасы «қызғалдақ» дегенге саяды. Ғимараттың сыртқы пішіні, кескін-келбеті қызғалдаққа келіңкірейді. Мердігер «BI Global» ЖШС-гі.
Нысан Шымсити шағын ауданында орын тепкен. Жалпы ауданы 5,24 гектар аумақты алып жатыр. Ал, ғимараттың ауданы – 17 964 шаршы метр. Үш қабатты ғимараттағы концерт залының сыйымдылығы – 2066 орын. Сонымен қатар, 190 орындық конференция залы тағы бар.
Жиында қала әкімі Ғ.Сыздықбеков пен қала мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов қаланың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарды Шымкент қаласының “Құрметті азаматы” атағымен марапаттады. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Нұрлан Әлімбаев