Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісай ауданы, «Жаңа ауыл» ауылдық округінде сенбілік өтті. Мырзашөл елді мекенінде өткен шараға 300-ге тарта адам, 7 техника жұмылдырылды. Жол бойлары мен гүлзарлар, тарихи ескерткіштердің аумағы шөптерден, қураған ағаштардан тазаланып, көшелер мен арық-атыздардан 30 тонна күл-қоқыс шығарылды.
«Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың парызы. Сенбілік тек белгіленген күндері ғана емес, күнделікті жүргізіліп тұруы керек. Ол үшін әрбіріміз өз ауламызды, үйіргелік жерлерімізді таза ұстауымыз керек», дейді Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Қаршыға Ақтөреева.
Кентаулық ағайындар да «Таза Қазақстан» экоакциясына бір кісідей қатысты. Кентау қаласының аумағына кіретін Ащысай ауылының тұрғындары жаппай сенбілікке шықты. Азаматтар аймақты күл-қоқыстардан тазартты. Одан бөлек, үй маңайларындағы шөптерді қырқып, су арналарының бойларындағы қоқыстарды жинады.
Айта кетейік, экоакция аясында осы уақытқа дейін Кентау қаласында 130 тоннадай қоқыс шығарылған. Сондай-ақ, 25 мың түп түрлі гүлдер егіліп, 8500-ге жуық ағаш көшеттері егілген. Игі бастама алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
«Таза Қазақстан» акциясы Түлкібас ауданында қарқынды түрде жалғасып жатыр. Бүгінде Балықты ауылында ретсіз өскен шөптерді шабу, арықтарды тазалау, электр бағаналары мен гүлзарлардың қоршауын бояу, тал түптерін әктеу жұмыстары атқарылды.
Жалпы акцияға жергілікті әкімдік мамандары мен ақылы қоғамдық жұмысшылар және еріктілерден құралған 60-қа жуық адам қатысып, 4 техника тартылды.