Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасына сәйкес орталықта орналасқан көктас шеберханалары және металл сынықтарын қабылдау орындарын қала сыртына көшіру жұмысы жүріп жатыр.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы Әл-Фараби, Қаратау және Тұран аудандарына орналасқан көктас шеберханаларын, сынық металл қабылдау орындарын, брусчатка жасау цехтарын сыртқа көшіру бойынша түсіндірме жұмыстарын бастады.
Басқарма тарапынан ұсынылған Алтынтөбе ш/а орналасқан «Шымкент» (77га), Бозарық ш/а орналасқан «Солтүстік-1» (2,8га) және «Солтүстік-2» (2,6га) құрылыс материалдарын сатуға, өңдеуге арналған индустриалды аймақтары құрылған. Кәсіпкерлерге аталған аймақтардан заң шеңберінде жер телімін алу жолдары түсіндіріліп жатыр. Айта кетейік, қала басшысының тапсырмасына сәйкес құрылыс материалдарын өңдеуге арналған кіші цехтарды және оларды сатумен айналысатын базарларды көшіру орындары Құрсай, Бадам және Қызылсай шағын аудандарында құрылуда.
Қала аумағында орналасқан құрылыс заттары сатылатын базарларды да қала сыртына көшіру жұмыстары қолға алынды.
Бүгінде Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан қала сыртынан ұсынылған Бадам бағыты бойындағы 75 га жер телімінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл жерге құм, шағал-тас, өзге де құрылыс заттары сатылатын базарлар көше бастады. Ал, Сырым батыр көшесінде орналасқан ағаш базары аумағында 10-нан астам сауда нүктесі бар. 2-3 гектар аумақта 5 кәсіпкер ағаш сатумен айналысады.
Қазіргі таңда аталған ағаш базарын Бозарық шағынауданында орналасқан 5,3 гектар аумаққа орналасқан жаңа базарға көшіру жұмыстары жүргізілуде.