Түлкібас ауданында облыстық Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында сенбілік өтті. Іс-шараға аудан әкімдігіне қарасты ауылдық округ, кенттер мен дербес бөлімдерден құралған 25 мекеменің мамандары мен ақылы қоғамдық негіздегі жұмысшылар және басқарма қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ 15 дана күл-қоқыс шығаруға арналған арнайы техника жұмылдырылды.
Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков пен аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Жанесен әр мекемеге 10 шақырымнан астам жол бойын бөліп, шөп ору, қураған талдарды кесу және күл-қоқысты жинау сынды жұмыстардың сапалы орындалуын бақылады.
Сонымен қатар Машат шатқалында өткен сенбілікте спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, сенбілікке қатысушылар «арқан тартыс», «нысана көздеу», «асық ату», «ләңгі тебу», «гир көтеруден» жарысты.
Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тазалық жұмыстары өз жалғасын тапты. Осы ретте аудандағы Құркелес ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекенінде сенбілік өтті.
Атқарылған жұмыстар барысында елді мекеннің орталық және ішкі көшелерінің бойына тасталған күл-қоқыстарды жинау, арық-атыздарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1,8 тонна қоқыс пен тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Жалпы тазалық жұмыстарына 60-қа жуық адам атсалысып, екі арнайы техника жұмылдырылды.
Айта кетсек, ауданда жыл басынан бүгінгі күнге дейін 75 сенбілік өткен. Сенбіліктер барысында 500 көше, 161 шақырым аяқ жол, 200 шақырым арық-атыздар, 103 шақырым ирригация жүйелері тазаланған. Сонымен қатар, 37 аялдама, 34 саябақ пен скверлер, 47 спорт алаңшасы әктеліп, сырланған. Тазалық шараларына жалпы саны 20 000 адам қатысып, 343 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 676 тонна қоқыс арнайы орындарға тасымалданды.