Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы жергілікті дихандарды 950 млн текше метрге жуық суармалы сумен қамтамасыз етті. Су және ирригация министрлігінің мәліметінше, су егіс алқаптарына К-24, К-25 каналдары арқылы жеткізіліп жатыр.
Нәтижесінде суармалы судың уақытылы әрі тұрақты жеткізілуіне байланысты өңірдегі шаруалар өнім жинап жатыр. Мәселен, Жетісай ауданының дихандары алғашқылардың бірі болып қарбыздарын экспортқа шығара бастады.
Қарбыздан алғашқылардың бірі болып өнім алған “Атамекен” шаруа қожалығының егелері бүгінде қарбыз- қауын өнімдерін сыртқы нарыққа шығарып отыр. Қарбыздың келісін 150 теңгеден босатқан. Аталған қожалық 3 гектар жерге егілген қарбыздан алдағы уақытта қажетті мөлшерде өнім аламыз деп жоспарлап отыр.
Шаруа қожалықтың, егіс алқаптарына “Қазсушар” РМК Түркістан филиалы теңгеріміндегі К -24, К-25 каналдарынан су барады. Дихандардың айтуынша, «Қазсушар» тарапынан судың жеткілікті және уақытылы баруынан, өнім биыл мол болып, шаруалардың еңбегі ақталуда деп қуануда.
Айта кетейік, Түркістан облысының аумағында барлығы 44 су қоймасы бар. 18-і «Қазсушар» РМК балансында. Сондай-ақ 11 су жинау гидроторабы, 99 магистральдық канал, 1699 шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналар, 408 ұзындығы 3095,12 км коллекторлық-дренаждық желі, 1139 бірлік тік дренаж ұңғыма бар.