Шымкентте саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жүргізілді. Жалпы аумағы 1 262 гектар жер залалсыздандырылды. Жоспарға сәйкес залалсыздандыру жұмыстары Тұран ауданында – 314, Әл-Фараби ауданында 280, Қаратау ауданында 228, Еңбекші ауданында 140, Абай ауданында 300 гектар егістік алқапта атқарылады.
Үшінші мегаполисте масаларға қарсы дезинсекция жұмыстары маусым-қыркүйек аралығына жоспарланған. Биылдыққа үшінші рет 12 саябақта, 37 өзен-каналда, 45 гүлзар, аллеяда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бұл дәрі тек масаға әсер етеді, адамдар мен құстарға зиянды әсері жоқ.
Қала аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы жануарларының энзоотиялық ауруларының алдын алу, жануарларды, үй-жайлар және өзге де аумақтарды жәндіктерден қорғау мақсатында залалсыздандыру жұмыстары да жүріп жатыр. Кенеге, яғни энзоотиялық ауруларға қарсы жұмыстар жылына 2 рет, көктем, күз мезгілдерінде жасалады. Көктемде жалпы 152 мыңнан аса үй жануарына бүрку, тоғыту шаралары атқарылып, қора-жайлар мен саябақтар, гүлзарлар залалсыздандырылды. Қажетті ветеринариялық препараттар толық жеткізіліп, залалсыздандыруға бүркуіш аппараты орнатылған автокөліктер мен ранц аппараттары бар 6 бригада жұмылдырылды. Өңдеу шаралары тек малы бар үйлер мен қора-жайларға бюджет есебінен жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, бұған қоса, қала аумағындағы кеміргіштерге қарсы улау және ауыл шаруашылығы жануарларының энзоотиялық ауруларына қарсы жұмыстар жүргізілуде.
Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарымен «Ветеринариялық қызмет» МКК айналысады. Мекен-жайы: Шымкент қаласы, Байтулы Баба, №9/14 үй Телефон нөмірі: 45-05-05, 45-05-22, 8707-414-68-96