АУЫЛ БИЛЕРІ – АУЫЗБІРЛІКТІ ҚОЛДАЙДЫ

Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Абдулабад, Базарқақпа тұрғын алабында алқалы жиын өтті. Ауыл билері мен белсенді тұрғындар қатысқын келелі кеңесте аумақтағы этносаралық татулық жайы сөз болды. Этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды.

Кітапхана залында өткен жиында белсенді ақсақалдар жас буын тәрбиесі, патриотизмді дәріптеу, жастарды жұмыспен қамту, құқықтық мәдениеттi көтеру, азаматтар арасындағы өзара түсіністікті бекемдеу және кереғар діни ағымдардан сақтану жайында пiкiр алмасты.

Халық үшін бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ. Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі этнос өкілдері қоныс тепті. Бүгінге олар тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналғанын атап өтті игі жақсылар.

Кездесуге қатысқан Еңбекші ауданы әкімдігі мен қалалық ҚХА жанындағы ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында айтылған құндылықтар мен жалпыұлттық бiрлiкке бастайтын басымдықтарға тоқталып, жергілікті ассамблея алаңында өтетін түрлі жобалар мен жиындарға және жүздесулерге қатысып, ортақ мақсатқа ұйыстыратын нақтылы ұсыныс-пікірлер айтуға шақырды.

Жастар ұрпақ сабақтастығын сақтап қалу үшін ата-баба тарихын, дәстүрін танып-білуі керек. Ересек өмірге енді ғана қадам басқан жастардың өз болашағына қызығушылық пен мүдделілік танытып отыруы заңдылық. Жас ұрпақ өз мүмкіндіктеріне сенеді, болашағына қандай білім мен ілімнің қажет болатынын жақсы біледі. Жалпы қазақ халқының көсіліп жатқан кең байтақ даласы бар. Осындай байлықтың қызығын көру үшін бізге тыныштық ауадай қажет деп тарқасты жиынға қатысушылар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *