«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Шымкент қаласының аудан аумақтарында тазалық акциялары өтуде. Атап айтқанда, Абай ауданы аумағындағы Тұрлан шағынауданы Шмидта көшесінің бойында тұрғындар тазалыққа үлес қосты.
Іс-шарада Абай ауданы әкімдігі, аудандық коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, жастар, тұрғындар белсенділік танытты. Жалпы акцияға 200-ден астам адам қатысты. Шағынаудан тұрғыны Меруерт Әмірсейіттің айтуынша, тұрғындар әр сенбі сайын аулаларды, көшелерді тазалауда белсенділік танытып келеді. Наурыз айынан бастап шағынауданда тазалық жұмыстары ұдайы өткізілуде.
Акцияға белсене қатысқан көпшілік тазалықты өзімізден бастау керек екенін, қала тазалығы бәрімізге ортақ міндет екенін ұғындырды.
«Таза QAZAQSTAN» жалпыұлттық жобасы аясында Нұршуақ шағынауданы Әл-Фараби көшесінің бойында тазалық іс-шарасы өтуде. Мұнда қаладағы барлық ауданның коммуналдық мекемелерінің жұмысшылары, жалпы 100-ден астам адам, қажетті техникалар жұмылдырылған.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жарылқасын Машбектің айтуынша, бұл аумақта тек қана коммуналдық мекеменің жұмысшылары тазалық жұмыстарын атқаруда. Нақтырақ айтқанда, Әл-Фараби көшесінің бойы Бадам өзенінің көпірінен бастап А 2 айналма жолына дейінгі аумақ (7,5 шақырым) ретке келтіріледі.
5 аудан бойынша коммуналдық мекеменің жұмысшылары көше бойында шөптерді ору, көшені жуу, қоқыстан арылту жұмыстарын атқарып жатыр.
Жарылқасын Машбек жылдың соңына дейін бекітілген жоспар бар екенін, соған сәйкес тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілетінін атап өтті. Айта кетсек, бүгінгі «Таза бейсенбі» іс-шарасында қала тұрғындары да белсенділік танытып жатыр.