«Хожахан» каналы механикалық тазалаудан өтуде
Сарыағаш ауданы тұрғындары тарапынан егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі жиі көтерілетін. Аудан тұрғындары аз айтып, кем жазбайтын. Ағын су каналдары тазаланбағандықтан, жаз айларында сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындап, ауданда ағын су жетіспеушілігі туындайтын.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев «Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» МКК-і Қабланбек ауылдық округінде болды. Ұзындығы 0,8 шақырым құрайтын, «Хожахан» каналының басында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Жауапты тұлғаларға жұмыстар сапалы болу қажет екендігін ескертіп, суғару маусымында егістік жерлерге қажетті суды толық жеткізіп беруді міндеттеді. Нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, егістік жерлерге толық ағын су жеткізіп беру және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудандық бюджет есебінен облыстық «Тұран-су» МКК арқылы 3 экскаватор сатып алынған болатын. Биыл осы техникалармен 252,8 шақырымды құрайтын 68 бірлік су нысанын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланған. Осы жоспарға сәйкес, қазіргі таңда 71,5 шақырым немесе 28% cу арналары тазалаудан өткізілді.