1 қыркүйек- Білім күні

Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатында Білім күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Ол білім алушыларға жаңа оқу жылында сәттілік, ізденіс пен жоғары жетістіктер тіледі.

Салтанатты шара барысында қала әкімінің орынбасары мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Білім алушыларға сапалы білім беруге және олардың жан-жақты дамуына жасалған жағдайлармен танысып, оқу ордасының жетістіктеріне назар аударды.

Математика-жаратылыстану бағытында білім беретін мектеп-интернат оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2025–2026 оқу жылында мектепті 134 түлек тәмамдады. Оның 19-ы «Алтын белгі» иегері атанса, 16 түлек қызыл аттестат алды. 80 түлек білім грантына ие болып, 5 түлек шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға түсті. ҰБТ бойынша орташа көрсеткіш 89,3 балды құрады.

Қазіргі таңда мектепте 547 оқушы білім алуда. Оларға 86 педагог білім және тәрбие береді. Оның ішінде 5 педагог «шебер», 35 педагог «зерттеуші» санатына ие. Білім ошағында 21 оқу кабинеті мен 3 зертхана жұмыс істейді. Оқушылар оқулықтармен толық, яғни 100 пайыз қамтамасыз етілген.

Мектеп-интернат 150 балаға арналған. Мұнда оқушылардың білім алуына, тұруына және бос уақытын тиімді өткізуіне қажетті жағдай жасалған. Интернатта асхана, спортзал, медициналық кабинет және басқа да қажетті нысандар қарастырылған.

Айта кетейік,  биыл қаладағы 1 386 білім беру ұйымында 405 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 29 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Соңғы екі жылда Шымкентте 13 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 7 мектепте қосымша ғимараттар салынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *