Шымкентте №24 мектеп-лицей түлектері арасында шағын футболдан турнир өтті

Шымкенттегі Sportvilla спорт кешенінде Саттар Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-лицейінің түлектері арасында шағын футболдан турнир өтті. Жарысты 2003 жылы мектеп бітірген түлектер ұйымдастырды. Турнирге 9 команда қатысып, олар айналмалы жүйе бойынша бақ сынады.

Спорттық шараның мақсаты – әр жылдары мектеп бітірген түлектерді қайта қауыштыру, достық байланысты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау.

Турнирдің ашылу салтанатына Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Байкен Әшірбаев, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов, басқарма өкілдері, сондай-ақ мектептің бұрынғы және қазіргі директорлары қатысты. Қонақтар қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі тілектерін білдірді.

Жарыс тартысты өтті. Қатысушылар жас ерекшелігіне қарамастан алаңда өзара бақ сынады.

«Бірінші орынға – 500 мың, екінші орынға – 300 мың, үшінші орынға 200 мың теңге жүлде қарастырылды. Сонымен қатар үздік шабуылшы, үздік қақпашы секілді жеке номинациялар бойынша да ойыншылар марапатталады. Турнир жақсы деңгейде өтіп жатыр», – деді турнирді ұйымдастырушылардың бірі әрі қатысушы Абылай Мырзабаев.

Қатысушылардың айтуынша, жарыстың басты мәні – жеңістен бөлек, мектептегі достармен қайта қауышу.

«Ең бастысы – қатысу. Бір-бірімізбен ойнап, кездесіп, хал-жағдайымызды сұрасқанымыздың өзі біз үшін үлкен қуаныш. Осындай іс-шараның ұйымдастырылғанына ризамыз», – дейді турнирге қатысушы Дастан Желеуов.

Саттар Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-лицейінің түлектері бүгінде түрлі салада еңбек етіп жүр. Арада жылдар өтсе де, олардың арасындағы байланыс үзілмеген. Бұл жолғы спорттық дода да мектеп түлектерін бір алаңға жинап, достық қарым-қатынасты жалғастыруға мүмкіндік берді.

Жарыс соңында үздік командалар мен жеке номинация иегерлері марапатталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *