Шымкентте Ұстаздар күніне арналған салтанатты жиын өтті

Шымкентте Ұстаздар күніне орай «Ұстаз – ұлы тұлға, ұстаздық – ұлы міндет» атты салтанатты іс-шара өтті.

 


Мерекелік жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, адам құқықтары мен бала құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілдер, Білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің мүшелері, білім саласының ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты. Жалпы саны 2 мыңға жуық адам жиналды.

Іс-шарада қала әкімі ұстаздардың өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен сапалы білім берудегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, білім саласындағы маңызды міндеттердің бірі – педагогтердің тиімді жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасап, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік беру.

«Шымкентте жаңа мектептер салу және білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасуда. Соңғы екі жылда қалада 13 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмысы жалғасуда. Тұран, Shymkent City және Асар-2 шағынаудандарында үш жаңа мектеп салынып жатыр. №7 IT мектеп-лицейі де заманауи талаптарға сай жаңартылады», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Салтанатты жиында білім саласының дамуына үлес қосып, заманауи педагогикалық тәсілдерді енгізген және кәсіби қызметінде жоғары нәтижелер көрсеткен ұстаздар марапатталды.

Мегаполис әкімі Мемлекет басшысының атынан білім беру саласының үздік қызметкерлеріне «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарын табыстады. Бірқатар педагог қала әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.

Сонымен қатар пән олимпиадаларында, спорттық жарыстар мен түрлі байқауларда жеңімпаз атанған оқушыларды дайындаған ұстаздарға да алғыс білдірілді.

Шымкент оқушыларының білім саласындағы жетістіктері де атап өтілді. Қаланың 80-нен астам түлегі әлемнің 100-ден астам жетекші университетінен шақырту алып, халықаралық білім беру гранттарының иегері атанды. Ал халықаралық және республикалық пән олимпиадалары мен байқауларда шымкенттік оқушылар 16 алтын, 44 күміс және 63 қола медаль жеңіп алған. «Алтын белгі» иегерлерінің саны да жыл сайын артып келеді.

Мерекелік іс-шара соңы өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *