Ұстаздар күні қарсаңында Шымкентте білім саласына саналы ғұмырын арнаған ардагер педагогтерге құрмет көрсетілді.

Шымкент қаласының білім басқармасы мен қалалық Әдістемелік орталығының өкілдері зейнеттегі ұстаздардың шаңырақтарына арнайы барып, мерекелік құттықтауын жеткізді. Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов бастаған басқарма қызметкерлері, сондай-ақ Әдістемелік орталықтың директоры Әшірбек Адеев және орталық ұжымы ардагер педагогтермен жүздесіп, ізгі тілектерін білдірді.

Ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, білім беру саласының дамуына үлес қосқан ұстаздарға сый-сияпат табысталды. Кездесулер барысында ардагерлердің кәсіби жолы мен еңбегі кейінгі буынға үлгі екені атап өтілді.

Өз кезегінде ардагер педагогтер көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, білім саласындағы бүгінгі өзгерістер мен жас мамандардың жетістіктеріне жылы лебіздерін жеткізді. Ұстаздық жолдың жалғасын тауып, кейінгі буынның білім мен тәрбие ісіне белсенді араласып келе жатқанына қуанышты екендерін айтты.
Ардагер ұстаздардың еңбегі – білім саласының қалыптасу тарихының ажырамас бөлігі. Олардың тәжірибесі мен тағылымы кейінгі ұрпақ үшін құнды мұра болып қала береді.

Бүгінде Шымкент қаласының білім беру саласында 32 мыңға жуық педагог еңбек етеді.
Саналы ғұмырын осы салаға арнаған ардагер ұстаздарға құрмет көрсету – ұстаздық еңбектің қадірін бағалап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырудың маңызды көрінісі болса керек.