Шымкенттегі Auezov University халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді. QS Asia University Rankings 2027 рейтингі бойынша университет 26 ел мен аумақтан қатысқан 1722 жоғары оқу орнының арасында 185-орынға тұрақтап, Азияның үздік 200 университетінің қатарына енді. Сонымен қатар Қазақстанның 51 жоғары оқу орны арасында 6-орынға ие болды.

Бұл – университет ұжымының жүйелі еңбегі мен стратегиялық даму бағытының маңызды нәтижесі.
Индонезияда өтіп жатқан QS Higher Ed Summit: Asia Pacific 2026 халықаралық саммиті аясында жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар кездесулер өтті.
QS халықаралық рейтингтік агенттігінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Сергей Христолюбовпен кездесуде университеттің рейтингтік көрсеткіштерін жақсарту, ғылыми жарияланымдардың сапасы мен дәйексөз алу деңгейін арттыру, халықаралық академиялық беделін нығайту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің Khalifa University, Қытайдың Macau University of Science and Technology және Үндістанның TSL Business School өкілдерімен ғылыми-білім беру бағытындағы серіктестіктің перспективалары қарастырылды.
Келіссөздердің негізгі басымдықтары – бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, жасанды интеллект пен озық технологияларды білім беру үдерісіне енгізу, академиялық ұтқырлықты дамыту, жас ғалымдардың әлеуетін арттыру және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру.
Алдағы кезеңде халықаралық серіктестікті нығайту, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, озық технологияларды дамыту және университет ғылымының ел экономикасына қосатын үлесін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Auezov University-ді халықаралық деңгейде мойындалған ғылыми-білім беру орталығына айналдыру – басты стратегиялық мақсаттардың бірі.